19 Шілде, 2016

Бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай

954 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
асия Ел бірлігін қашанда тіршіліктің темір­­қазы­ғына балап келген егеменді Қазақ­станы­мыз­дың әрқашанда мәртебесі биіктеп, киелі Ұлы Дала елін мекен еткен ұлт пен ұлыс тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына айрандай ұйыған татулықтың арқасында толағай табыстармен келіп отыр. «Талай жылдар жылжып өтіп қойынына жалғасқан, Заман-ғасыр шежіресің, бай дастан», – деп ақиық ақын Фариза Оңғарсынова апамыз жырлаған тарих қойнауында өзіндік орны бар Қазақ елінің бүгінгі жетістіктері мен жеңістері ата-бабадан қалған ерлік пен өр­лі­к­тің, салт-дәстүр мен ұрпақ сабақтас­тығы­ның, ең бастысы – халқымыздың ең үлкен байлығы – этоносаралық бірлік пен азамат­тық тұрақ­тылықтан тұрса керек. Төскейде малы, төсекте басы қосылған ұйғыр ағайын мемлекет құраушы ұлт төңірегінде Елбасы Н.Назарбаевтың сараб­дал сая­сатының, Ата Заңымыз берген тең құқық пен тең мүмкіндіктің арқасында бір ата­ның баласындай бақытты өмір кешуде. Қазақ­стан халқы Ассамблеясының Төрағасы Н.Ә.Назар­баев­тың аталық қам­қорлығы, мейірі­мі күннің шуағындай барлығымызды тең қам­тып отырғанының арқасында бүгінде ұйғыр ағайын қолын қалай созса, солай жете­тін байлыққа да, барлыққа да кенеліп отыр. Елбасымыздың тағдыршешті кезең, келе жат­қан күрделі кезең біз үшін еңсеру ке­зеңі бола­ды. Біз жаңа жаһандық дағдарыс­ты мін­­дет­ті түрде жеңеміз. Бұл үшін бізде бір­тұтас ерік-жігер, халық бірлігінің берік дәстүр­лері бар, деп «Нұр Отан» пар­тиясының сай­лауал­ды бағдарламасында айтқаны, оны бар­лы­ғы­мыз бір ата­ның баласындай жұмылып, әр аза­мат­тың жауап­кершілігін көтер­генде ең­се­ретініміз белгілі. Көктемге салым өт­кен Парламент Мәжілісі және жер­гілікті мәс­ли­хаттар сайлауларында біз бір­тұтас ел, бір Отан­ның баласы екенімізді дәлел­­дедік. Сай­лау науқанына қатысу бел­сен­­ділігінің жоғары болуының өзі – әр аза­мат­тың өзінің азамат­тық парызын орын­дап, ел келешегі, ұрпақ бола­шағы үшін бел­сене күресе алатынын дәлелдеді емес пе?! Бұл біздің ең қымбат байлығымыз – бірлігімізді тағы да бір рет паш етіп отыр. Қазақстан халқы Ассамблея тарапынан сайланған 9 Парламент Мәжілісінің депутаты әр этнос өкілі болғанымен, мүдде де, мақсат та бір – ел бірлігіне еңбек ету. Мысалы, ал­дың­ғы екі шақырылымда ұйғыр өкілі М.Ахмадиев депутат болса, биыл Ш.Нурумов сай­ла­нып отырғанының өзі Қазақстандағы ұй­ғыр­ларға көрсетілген зор сенім, үлкен жауап­кер­шілік. Еңбекқор ұйғыр­лар Елбасының қамқор­лығын жоғары бағалай­ды, қашанда қазақ халқы­на риза, алғысы шексіз. Себебі, бізде өзге Отан жоқ, бір-ақ Отанымыз бар – ол біз­дің егемен Қазақстанымыз. Мәңгілік Ел болу­дың нұрлы жолында өркениетті еліміз­дің гүл­денуіне, экономикалық, әлеуметтік дамуы­на өз үлестерін бұдан да әрі қосып, үл­­­кен ша­­ңы­­рақ­тың астында бір ананың бала­сын­­дай, бір қолдың саласындай еңбек етуде. Облыстық ұйғыр этномәдени бірлестігі Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассам­блея­сы хатшылығымен, жергілікті билік және өзін өзі басқару органдарымен, саяси партиялармен, үкіметтік емес және жас­тар орталықтарымен тығыз байланыста, мемо­рандум негізінде жұмыс жасайды. Аудан­дық, қалалық этномәдени бірлестік­термен «Келісе пішкен тон келте болмас» дегендей, жоспарлы жұмыс атқарып келеді. Республикалық этномәдени бірлестігі жоспарлы өткізетін жұмыстардың үйлес­тіру­шісі ғана емес, басқарма мүшелері өздері қатысып, Елбасы айтқандай, әр ауылға, әр тұрғынға еліміздің саясатын, ұстанған бағы­тын, жетістіктерін жеткізуде біріге жұмыс жасау үстінде. Әр этномәдени бірлес­тік өз жарғылары негізінде жұмыс жүргізеді. Алматы облысының бір ерекшелігі – жылда әрбір этномәдени бірлестік жасаған жобалар негізінде облыс әкімі тарапынан гранттар алып, сол қаржы көмегімен көптеген шаралар өткізуге мүмкіндіктері бар. Екіншіден, бізде «Бөлінгенді бөрі жейді» демекші, бөліну жоқ, қай этномәдени бір­лестік те іс-шара өткізсе, барлығымыз бір­дей қатысамыз. Тек соңғы жылдарды алсақ, Алматы облыстық этномәдени бір­лес­тігі республика деңгейіндегі таны­мал әр саладағы, әр ұлт өкілдерінің ғылым докторларын, оқы­мыстыларын қатыс­тырып, «Ғылымның дамуы – Қазақ­станның дамуы» атты ғылы­ми-теориялық конферен­ция, «Менің еңбегім – еліме» ат­ты облыстық кәсіпкер­лер ак­циясын өткізіп, «Қа­йы­­рым­­­дылық керуені» атты іс-шар­аларды облыс орта­­лы­ғын­­дағы «Айналайын» балалар үйінде, Қаратал ауданының балалар үйін­де, Текелі қаласы­ның қарттар үйінде, Панфилов ауданы­ның балалар үйлерінде өткізіп, облыстық халық ансамбльдері мен жастар театры қойылымдарын тарту етіп, кәсіпкерлер демеуімен теледидарлар, кітаптар, әртүрлі техника құралдары табыс­талды. «Достықта жоқ шекара», «Дәс­түр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды», «Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассам­блеясының 2020 жылдарға дейінгі даму тұжы­рымдамасы» атты тақырыптармен ұжым, мекемелерде әртүрлі пішімдегі іс-шара­лар­дың өткізіліп отыруы – ерлік пен елдік­ке үндейтін игі дәстүрлерімізді көздің қара­шы­ғындай сақтау, тәрбиенің талбесігі – от­ба­сылық құндылықтарды ұрпақ бойына сіңіру сияқты игі, иманды шаралар болып табылады. Алдымыздағы алар асуымыз белгілен­ген жылдар – Қазақстанның ХХІ ғасырдағы тағдыр-талайы қандай болатынын айқын­дайтын, біздің еліміздің, біздің бәріміздің беріктігіміз сынға түсетін кезең. Баршамыз­ды елді жаңарту орайындағы ауқымды жұмыс күтіп тұр. Біздің міндетіміз – бірлігі­мізді сақтау, егемендікті нығайту және ұлт­тың болашаққа барар жолын батыл ашу. Статистикаға жүгінсек, мемлекеттік қыз­метте мемлекет құраушы ұлт өкілдерінен кейінгі орында ұйғыр өкілдері көп қызмет атқарады екен. Бұл дегеніміз – теңдік, ашықтылық, жариялымдылық, яғни Ата Заңымыз берген құқықты әркім еркін пайда­ланып отырғанының нақты көрінісі. Экономиканың, әлеуметтік салалардың дамуына біздің этнос өкілдері, аудан, қала, облыстық, республикалық ұйғыр этномәдени орталықтары да өз үлес­терін қосуда. Экономиканы дамы­туда, ин­вестиция тартуда, ғы­лым мен білім, мәдениет сала­ларында инновациялық жа­ңа жобалар жасауда да бір­шама үрдіс бар. Қосымша жұмыс орындарын ашу, қайы­рымдылық акцияларын өткізу, мәдениет, білім беру сала­ларында мамандар даярлау, инклюзивті оқыту, кәсіп­кер­лікті дамытуда аға ұрпақ өкілдерінен Р.Тохтахунов, Ш.Умаров, Е.Ушуров, Ж.Ри­зайдинов, Р.Айсаев, З.Купамов, А.Зульяров, Т.Абдулсемятов, М.Исламов, А.Райдинова, Қ.Шамахунов, Р.Ниязова, С.Саитова, т.б. атауға болады. Жастар тарапынан да облыстық мәсли­хат депутаты З.Кузиев Панфилов ауданын­да жаңа кәсіпорын ашып, аудан, облыс экономикасына өзіндік үлес қосса, әйел аза­маттардан С.Изимова, С.Саитова, Р.Ман­ликова, Р.Изимова өз еңбектерімен көпке үлгі бола білуде. Әр ауданда, ауылда өз кәсіп­ор­нын ашып, қызмет атқарып келе жатқан­дар­д­ың саны күн сайын артуда. Өйткені, біз­дің Отанымыз Қазақстанда барлық жағ­дай жа­сал­ған. Тек жалқауланбай, еліңнің ер­теңі­не жұмыс жасайтын талап, алға қойған мақ­сат, орын­даушылық жауапкершілік болса болды. Біздің Көшбасшымыз біреу – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Біздің бір ғана ортақ ұлы болашағымыз бар, біздің жеңісіміз де ортақ. Көпэтносты мемлекет ретінде Қазақстан өзінің бұл ерекшелігін артық­шылық ретінде пайдаланатын болады. Қолға алынып отыр­ған реформалар ұлт­тың біртектілігі мен бір­лігін нығайтуға бағыт­талған, мұның өзі, түп­теп келгенде, барша қазақстандықтарды топ­тас­тыруға және Болашағы Біртұтас Ұлтты қалып­тастыруға мүмкіндік береді. Біз, қазақстандықтар – біртұтас халық­пыз! «Мәңгілік Ел» – біздің жалпы­қазақ­стан­дық үйіміздің ұлттық идеясы, біздің ата-баба­ларымыздың арманы. Барлық қазақстан­дықтарды біріктіретін және біздің еліміздің болашағының іргетасын құрайтын басты құндылықтарды сақтау жолында біздің этномәдени бірлестігі­міз де өзіндік із қал­дырып, еңбек етуден аянбайды.  Әсия АХМЕТОВА, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Алматы облыстық ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы ТАЛДЫҚОРҒАН